«Ақмола облысы білім басқармасының Степногорск қаласы бойынша білім бөлімі  Степногорск қаласының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы № 2 жалпы орта білім беретін мектебі»  коммуналдық мемлекеттік мекемесі  
  Коммунальное государственное учреждение «Общеобразовательная школа № 2 имени Ахмета Байтурсынулы   города Степногорск отдела образования по городу Степногорск управления образования Акмолинской области»   

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

"Жасөспіріммен нәтижелі байланысты қалай орнатуға болады?" ата-аналарға кеңес

Ата-ана ұстанымындағы бастысы – дұрыс ниет, өзінің жасөспірімдік кезеңіндегі тәжірибесін пайдалана білу және тиімді қарым-қатынастың басты ережелерін мұқият сақтау.

Жасөспіріммен тиімді қарым-қатынастың    12 ережесін келтірейік.

1-ереже: Дұрыс ұстанымда болыңыз.

Жасөспірім сіздің кез келген кеңесіңізді немесе бұйрығыңызды сөзсіз қабылдайды және оны дереу орындауға кіріседі деп күтпеңіз. Алдын ала ол көнгіштік пен тілалғыштық танытады деп күтсеңіз, және ол керісінше болып шықса, стресс аласыз.

Қажетсіз проблемалар мен жанжалдарға бармас үшін, өз үміттеріңізді балаңыздың мүмкіндіктерімен өлшеп алыңыз.

2-ереже: Өзіңіздің жасөспірімдік өткеніңізге көз салыңыз  – сіздің естеліктеріңіз балаңызды, оның әрекеттерін, уайымдарын түсінуде жақсы көмекші болуы мүмкін.

- Жасөспірім баласын жақсы түсіну үшін ата-анаға өзінің жасөспірімдік жылдарын еске түсірген пайдалы. Өздеріңіз 11-15 жаста қандай болдыңыздар? Өз ата-анаңыздан – балаларыңыздың әжелері мен аталарынан –  естеліктерді қайта еске алуға көмектесуін өтініңіз.

- Сіздің ұлыңызға немесе қызыңызға ескі фотосуреттерді ақтарып, сол кезде сізде болған проблемалар туралы ашық сөйлесу, сіздің сол кездегі уайымдарыңызды түсіну өте қызықты болады. Осыдан кейін жасөспірім, сізді өзге, күтпеген қырыңыздан тануы мүмкін – және сіздер қарым-қатынаста жаңа, сенімге құралған деңгейге жете аласыздар.

 3-ереже: Өз балаңызға сеніңіз. Барлық ата-аналарды «Жасөспірім балаға еркіндіктің қандай деңгейін берген дұрыс?» деген сұрақ мазалайды.
Және әрбір ата-ана бұған өзінше жауап береді. Бірақ бастысы, ересектерге асыра сілтемеу деген алтын ережені ұстану, жасөспірімнің дербестік деңгейі мен ата-ана тарапынан бақылау деңгейі арасында «алтын ортаны» таба білу қажет деп санайды психологтар.

Баланың дербестігін қабылдай отырып, оны бетімен жібермеңіз. Ол үшін:

  • Бірізді талаптар жүйесін, өзін ұстау ережелерін және оларды бұзғаны үшін санкциялар, сондай-ақ көтермелеу жүйесін ойлап табыңыз. Баланың талқылауға қатысқаны, осы ережелерді білгені және жазалау шараларымен келіскені қажет.
  • Талаптар мен ережелер жақсы дәйектелген және балаға түсінікті болуы тиіс. Жазалар жай ғана сөзбен қорқытып емес, бірізді түрде қолданылуы тиіс. 
  • Ережелер (шектеулер, талаптар, тыйымдар) тым көп болмауы және олар икемді болуы керек. 
  • Қандай да бір тыйымдар орнату кезінде диалог процесінде мынадай бірізділікті сақтаған жөн:
  1. Балаңызға оның әрекеттерінде (оның тұлға ретінде өзінде емес)   нақты не нәрсе ұнамайтынын түсіндіріңіз.
  2. Өз тыйымыңызды дәйектеңіз.
  3. Баланың өз әрекеттерімен қандай мақсат көздейтінін анықтаңыз, және бірлесіп мақсатқа жетудің өзге жолдарын табыңыз және неғұрлым шынайы мақсат қойыңыз. Баланың өз ұсыныстарын енгізгені маңызды. 

Балалар әдетте ата-анасынан бір нәрсені жасыруға бейім емес. Құпиялар аналар мен әкелер баласын сынға алғанда, тексергенде және әрдайым оған бір нәрсеге тыйым сала берген жағдайда басталады. Егер ата-ана баласына сенуді үйренсе, бала да ештеңені жасырмайтын болады.

Балаға сену қиын. Әрқашан қорқыныш тұрады: егер ол дұрыс әрекет ете алмаса ше, өзін ересектерше ұстамаса; оны алдап кетсе; тағы бірдеңе болып қалса, осындай күмәндар көп болады! Балаңызға өз алаңдаушылығыңызды түсіндіріңіз, оған: «Мен саған сенемін, қайда баруды жоспарласаң, сонда бар. Бірақ байланыста бол; ата-анаңа: «Менде бәрі дұрыс» деп СМС жазуға бір-екі минутыңды жұмса және қайда екеніңді, не істеп жатқаныңды жаз», - деп түсіндіріңіз.

ЕСТЕ САҚТАУ МАҢЫЗДЫ, «детектив ойнап, балаларыңыздың әлеуметтік желілердегі аккаунтын бұзудың, оның жүріс-тұрысын аңду және «қыдырыстарынан» түскен фотосуреттерін қарау үшін онымен виртуалды дос болуға ұмтылудың  мүлде қажеті жоқ. Егер ұсталып қалсаңыз – сізден барлығын және әрдайым жасыратын болады. Сенім дегеніміз, бұл сенім! Одан да балаңыздан сіздің алаңдаушылықтарыңызды ескергенін өтінген және онда бәрі жақсы екенін растайтын қоңыраулар немесе смс жайлы келіскен дұрыс.

4-ереже:  Әрқашан баламен сөйлесуге ашық болыңыз.
Жасөспіріммен ересек пен жасөспірім ұстанымының теңдігі сақталатын диалог түрінде сөйлесіңіз. 

Баланы қысымға алмаңыз, балаға өзіңіздің сөйлескіңіз келетініңізді күштеп тықпаламаңыз. Бірақ әрқашан жанынан табылыңыз және сөйлесуге ашық болыңыз.

Бала үндемей ме, сырын айтпай ма? Ренжімеңіз. Бірақ егер жасөспірім бірдеңемен бөліскісі келсе – оны ынтамен тыңдаңыз, сұрақтар қойыңыз, қолдаңыз.

* Баламен сабырлы сөйлесіңіз, дауыс көтермеңіз, шыдамдылық пен ұстамдылық сақтауға тырысыңыз.

* Сыпайы болыңыз, жағымсыз эмоцияларға ерік бермеңіз, баланы балағаттамаңыз — ол бұны ұмытпайды. Даналы кеңестер беру, ұрысу, қорқыту және т.б. әрқашан оңай. Бірақ бұл арқылы сіз баланың бұдан былай сізге ештеңені сеніп айтпауына қол жеткізесіз. Сондықтан балаңызды ересек досыңызды тыңдағандай тыңдаңыз.

* Баламен сөйлесу мәні нақты, істің мәнін қозғайтын болуы тиіс. Бұл ретте тұлғаға сынап-мінеп шабуыл жасауға («сен сондайсың, сен мұндайсың») болмайды. Сіз «дөңгелек қорғаныс», өз ар-намысын, өз «Менін» қорғау түріндегі қарсылыққа ұшырайсыз. Жанжалды жағдайларды талқылағанда, баланың нақты әрекеттерін ғана бағалаңыз. Ол білуі тиіс: сізге оның жеке адам ретіндегі тұлғасы емес, оның өзін ұстауы ұнамайды.

5-ереже: Жасөспірімнің жеке кеңістігін сыйлаңыз.
Оның өз қалауы бойынша тәртіп орнату еркіндігіне қол сұқпаңыз.

Есейген балаңыздың қызығушылықтары мен дәм құмарлықтарын қабылдау – ата-ананың жалғыз дұрыс шешімі.

* Баланың қызығушылықтарына қызығушылық білдіріңіз – оның сүйікті компьютер ойындарынан, фильмдерінен, музыкалық топтарынан хабардар болыңыз. Сізге ұнаған нәрсені міндетті түрде ерекше айтып өтіңіз: бала қуанып қалады және жағымды таңқалады.

* Баланың жеке кеңістікке деген құқығын мойындаңыз: бөлмесіне есік қақпай кірмеңіз, оның заттарын рұқсатсыз қозғамаңыз, оның аумағында өз тәртібіңізді орнатпаңыз.

* Оның таңдау құқығын, оның ішінде қателік жасау құқығын сыйлаңыз. 

* Оның бас тартуына түсіністікпен қараңыз («Бізбен киноға барасың ба? Жоқ? Ендеше келесі жолы!», «Бізбен кешкі ас ішесің бе? Аш емеспісің? Онда тамақ ішкің келгенде айтарсың»). Есіңізде болсын: бұл жаста отбасы қарым-қатынасының құндылықтары күрт төмендеу байқалады және ең үлкен беделге ата-анасы емес, достары ие болады.  

* Шыдамдылықпен, әдептілікпен қаруланыңыз, бірізді болыңыз – сонда сіз жасөспірімнің өзіне үңілу кезеңін бір-біріңізге түсінікті және жақын болуға деген өзара тілекті бұзбай еңсересіз.

6-ереже:  Әрбір балаға қадірлеу қажет екенін ұмытпаңыз – ол оның талантын бағалайтынын, оның қабілеттері мен шеберліктерін мақтан тұтатынын білгісі, көргісі және сезінгісі келеді.

Мақтау сөзге сараң болмаңыз. Балаңызды көтермелеңіз және шабыттандырыңыз!

  • Сіз балаңызды қаншалықты көп мақтасаңыз, ол соншалықты өзіне сенімді болады және сізге өзінің істері туралы айтуға ұмтылатын болады.
  • Әрине, мақтау сөз баланың шын мәніндегі жетістіктеріне сәйкес болуы тиіс, ол жетістіктер әзірге болмашы болса да. Баланы тым асыра және еш себепсіз мақтау – өзін лайықсыз бағалайтын «менменсіген» адамды өсіруді білдіреді. 
  • Баланы ынталандыратын жақсы сөздермен және тіркестермен қолдап отырыңыз, «Әй-жарайсың!»; «Мен саған сенемін!», «Сенде бәрі тамаша болады!», сондай-ақ еркелететін сөздеріңіз бен құшақтарыңызды аямаңыз.
  • Өз бет-әлпетіңіздің тұрпатына мән беріңіз – ол сіздің балаңызға оптимизм сыйлайтындай және ата-анасын қуантуға деген ынтасын оятатындай болсын.
  • Баламен сөйлескенде айқайлауға, дөрекі дауыс ырғағына жол бермеңіз. Сондай-ақ «Бұл сенің қолыңнан келмейді»; «Бұндай істерді қолға алу үшін сенің күшің аздық етеді»; «Мен сені ақылдырақ па деп ойлап едім» деген секілді жасөспірімнің өз күшіне деген сенімін бұзатын сөздерді айтпаңыз.
  • Отбасында жан жылуы, сүйіспеншілік және сыйластық атмосферасын құрыңыз.

ЕСІҢІЗДЕ БОЛСЫН:

 Өз мақтау сөздеріңізде балаңызды оның жетістіктері үшін емес, табиғи өз болмысы үшін жақсы көретініңізді білдіріңіз;

  •  Өз балаңызды ешқашан айналадағылармен салыстырмауға тырысыңыз (тіпті ішіңізден), әсіресе, егер бұл салыстыру оның пайдасына болмаса, дұрыс емес.
  • Егер жасөспірім отбасының қадірлеуін білемесе, ол пікірлестерін сырттан іздейді. Және, оларды нашар компаниядан табуы әбден мүмкін.

7-ереже: Жасөспірімді өз үлгіңізбен тәрбиелеңіз.

Жасөспірімдер үлкендер тарапынан болатын кез келген жалғандықты қатты сезінеді.

  • Сондықтан ата-аналарға, ұлынан немесе қызынан, мысалы, бөлмесін жинауды талап етпес бұрын, өздері пәтерді жиі тазалап тұру қажет.
  • Егер ата-ана баласының бір нәрсемен шындап айналысқанын қаласа, олардың өздерінің шығармашылық қызығушылықтары болуы, отбасылық бос уақытты қызықты жоспарлауы – бітпейтін теле-сериалдар көруден бас тартуы және дамытатын, шығармашылыққа құрылған ортақ іс-әрекет ойлап табуы қажет.

8-ереже: Жасөспірімге тым көп талап қоймаңыз және тым үлкен үміт артпаңыз. Бұндай моральдық жүкті көтеру ересек адамның өзіне де оңай емес.

Баланың үлгерімі бойынша алған бағаларын өзіңіздің жазалар мен көтермелеу жүйеңізбен байланыстырмаңыз.

* Сіздің балаңыз өзінің жақсы үлгерімі фактісінің өзін марапат ретінде, ал үлгермеушіліктерін жаза ретінде бағаламауы керек.

* Балаға үй тапсырмасын орындауға көмектесіңіз, бірақ олар үшін тапсырмаларды өзіңіз орындамаңыз.

* Бұл тапсырмаларға өз қызығушылығыңызды көрсетіңіз. Егер бала сізге үй тапсырмаларымен байланысты сұрақтармен жүгінбесе, оған жауаптарды өзі табуына көмектесіңіз, және жауаптарын өзіңіз айтпаңыз.

* Балаңызға мектепте оқытылып жатқан нәрселерге қызығушылық сезінуге көмектесіңіз.

* Бала мектепте, үйдегі шаруаларда алған білімдерін қолдана алуы үшін, кез келген мүмкіндікті іздеңіз. Мысалы, оған тамақ дайындау үшін қажетті азық-түлік мөлшерін немесе, мысалы, пәтердегі қабырғаларды сырлау үшін, сырдың қажетті мөлшерін есептеуді үйретіңіз.

9-ереже: Әділ болыңыз: түрлі жастағы балаларыңызбен қарым-қатынаста алалауға бармаңыз. Бір балаңызды белгілі бір әрекеті үшін кешіре алмайтын жағдайда, дәл сол әрекеті үшін екінші балаңызды еркіне жібермеңіз.

Есіңізде болсын: жасөспірім өзінің есейгенін дәлелдеуге ұмтылуда қызбалықпен  шын мәнінде ойламайтын нәрсесін айта салуы, мысалы сізді жақсы көрмейтінін, жек көретінін және т.б. айтуы мүмкін. Бұндай нәрселер эмоцияның әсерімен, албырттықпен айтылатынын қаперіңізден шығармаңыз. Бұған қатысты нақты пікір қалыптастырмаңыз және бос үрейге бой алдырмаңыз. 

10-ереже: Жасөспірімге оның жасайтын қателіктерін айтып отырыңыз.

Көптеген ата-аналар егер әке-шеше тым қатал болса, балалар оларды «жақсы көруін доғарады» немесе ренжиді деп қорқады. Бұндай тактика әдетте тілазарлыққа және бақылаудың жоғалуына әкеп соғады. Бетімен жіберушілік зиянды.

Егер ата-ананың ызасы мен жазасы лайықты болса, олар қажет.  Дәл осы шара балаға өз қателіктерін көрсетеді және өмір сүруді үйретеді. Тәрбие тәсілдері әр ата-анада әртүрлі. Физикалық жазалауға жол беруге болмайтыны түсінікті. Бірақ, жақсы ата-ана нақты осы балаға қандай тәсіл ерекше тиімді әсер ететінін біледі. Бірақ, қандай жағдай болса да, жазалау шарасы есте қалуы тиіс. Алғашында жасөспірім ата-анасымен келіспеуі де мүмкін, бірақ, есейген соң ол оларды міндетті түрде түсінеді.

Жазаларды немен алмастыруға болады?

- Шыдаммен. Бұл ата-ананың бойынан табылуы мүмкін ең үлкен ізгілік.

- Түсіндірумен. Балаға орның мінез-құлқының неліктен дұрыс емес екенін түсіндіріңіз, бірақ барынша қысқаша түсіндіріңіз.

- Назарын басқаға аударумен. Балаңызға оның жасағысы келетін нәрсесінен анағұрлым тартымдырақ басқа бірдеңе ұсынуға тырысыңыз.

- Асықпау арқылы. Ұлыңызды немесе қызыңызды жазалауға асықпаңыз – теріс қылықтың тағы қайталанғанын күтіңіз.

 - Марапаттармен. Әлдеқайда дәлелденген: олар жазаға қарағанда тиімдірірек.

11-ереже

Жасөспірімге ақшаны бағалауды үйретіңіз. Міндетті түрде жасөспірімге өз кәсібіңіз, өз бизнесіңіз жайлы айтып беріңіз. Ол ақшаның қалай табылатынын, отбасылық бюджет қалай жасалатынын және қалай бөлінетінін түсінуі тиіс. Оған белгілі бір сомаға сатып алынатын нәрселердің қандай нұсқаларын алуға болатынын түсінуге көмектесіңіз.

* Сатып алуды қалайтын және дәл қазіргі уақытта сатып алу маңызды заттың арақатынасын өлшеп таңдау жасауға үйретіңіз. Дүкенде бағаларға қарауды, жеңілдіктерді көруді, тартымды бағаларды таңдауды үйретіңіз.

* Жасөспірімді дүкенге «бюджетті» жеткізе алуы үшін сатып алынатын заттар тізімімен және белгілі бір сомамен жіберген жөн.

* Жасөспірім отбасыға алынатын салмақты заттар туралы білгені дұрыс, оларды айтып отырыңыз.

* Баламен бірге маңызды отбасылық істерді талқылаңыз, оны оларға қатысудан шеттетпеңіз — бала оның пікірі сіз үшін маңызды екенін білуі тиіс.

12-ереже: Балаға өз қиындықтарын еңсеруді біртіндеп үйретіңіз. Өз бетінше мақсаттар қойсын және оларды шешу жолдарын айқындасын. Балаңызға өз жолын таңдауды – кәсіптер әлемінде бағыт табуды үйретіңіз.

Болашақта немен айналысатынын шешу – бұл жасөспірім үшін ең қиын нәрсе.  Және бұл жерде ата-ананың көмегі қажет. Барлық мүмкіндіктерді көрсетуге тырысыңыз – оған түрлі мамандықтар туралы айтып беріңіз, өз достарыңыздан олардың қызмет салалары туралы ақпаратпен бөлісуін өтініңіз. Жасөспірімнен ол білмеген және білгісі келмейтін нәрсені талап етпеңіз! Ол егер өзінде таңдау болса ғана шешім қабылдай алады.

Айтылғандарды қорытындылай келе, және жасөспіріммен қарым-қатынастың 12 ережесінен алынған ақпаратты құрылымдай отырып,

ҮШ ЗАҢ: ДИАЛОГ, СЕНІМ, ТӘРТІП қалыптастыруға болады.

ДИАЛОГ – жасөспіріммен оның пікірін, оның дәм құштарлықтарын, қызығушылықтарын, ұмтылыстарын есепке ала отырып қарым-қатынас жасау.

СЕНІМ – жасөспірімге қисынды шектерде дербестік беру, бірлескен іс-әрекетке шақыру.

ТӘРТІП – дербестіктің айқын шектерін белгілеу, жасөспіріммен бірлесіп мінез-құлықтың жаңа, неғұрлым икемді және ересектерге тән ережелерін ойлап табу, сонымен қатар осы ережелерді сақтамағаны үшін жазалар жүйесін көрсету.

 

Педагог-психолог, Алпыспаева Н.Т. ұсынады

Жаңартылған күні: 10.02.2023 14:00
Құрылған күні: 10.02.2023 14:00

Текст